Дүнгендер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Дүнгендер
>东干族
Ең көп таралған аймақтар
 Қазақстан

72 361 (2019)[1]

 Ресей

1651 (2010)

 Қырғызстан

73977 (2020)[3]

 Өзбекстан

1900

Тілдері

дүнген тілі

Діні

ислам

Дүнгендер (жеңіл. қыт.: 东干族; дәст. қыт.: 東干族; пінин: Dōnggānzú) — Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан жерлерінде тұратын ұлт. Өз атауы  — хуэй. Дүнген — Қытай аз ұлттары арасындағы халық саны көбірек, бытырай қоныстанған ұлт. 2000 жылғы санаққа қарағанда, Қытайда 9 млн. 816 мың 805 дүнген бар. Жалпы халық саны жағынан Қытай, Жуаң және Манжур ұлттарынан кейін Дүңгендер төртінші орында тұр.

«Дүнгендер» этнонимінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқасы бар. Солардың бірі бойынша түркілердің «тұрған» (қалған) сөзі осылай өзгертіліп кеткен. Бұл нұсқа бойынша дүнгендер Қытайда тұру үшін қалған Темірланның ұрпақтарынан тараған. Қытай зерттеушілері бұл терминнің қытай тілінен шыққан «тунькэнь» нұсқасын қарастыруда - бұл Қытаймен шекаралас елдердің өз тілінде сөйлейтін тұрғындарына берілген атау.[4]

Этногенезі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дүнгендердің шығу тегі туралы негізгі үш нұсқа бар. Алғашқысына сай, олар арабтар және парсылар мен қытайлардың аралас некесінен туған. Араб, парсы көпестері Қытай аумағына VIII-XIII ғасыр аралығында жиі келген. Дүнгендердің саудаға жақындығы осы ата-бабаларынан берілген деген түсінік бар. Олардың дені саудамен айналысады.
Екінші нұсқа бойынша дүнгендердің ата-тегі – түрік-мұсылмандар. Алайда олардың қаны қытай этносымен араласпаған.
Үшінші пікірдің қостаушылары дүнгендер Моңғол империясының сэмужэнь табының өкілі дегенді айтады. XIV ғасырда Юань әулеті тақтан кеткен соң Қытайда сэмужэнь табының өкілдері мен моңғолдар қандастарымен емес, қытай этносымен неке құруы керек деген заң шыққан деседі. Осылайша сэмужэнь табы ассимиляцияланып, Мин әулеті билігінің соңында дүнгендер толықтай қытай тіліне өткен.[5]

Ол — миграциялық көшу және сауда қарым-қатынастары арқылы Қытай жерінде біртіндеп қалыптасқан, бірлікке келген, әрі ислам мәдениет дәстүрін сақтаған ұлттық топ. Дүнгендер ұлт болып қалыптасып, даму барысында, қытай тілін өз ұлтының ортақ тілі ретінде таңдап алды.

Дүнген Қытайдың барлық жерінде бар. Солтүстікте Амурдан (Хилұңжяң) оңтүстікте Хайнан аралына дейін, батыста Памир үстіртінен, шығыста Шығыс теңіз жағасына дейін дүнгендер қоныс тепкен. Дүнген — Қытайда «Кең көлемде бытырап, шағын көлемде шоғырланып» қоныстанған халық. Қытайдағы аудан-қалалардың көбінде дүнгендер бар. Ал Ниңшя, Гансу, Хынан, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы, Чиңхай, Йүннан, Хыбей, Шандұң қатарлы өлке, автономиялық аудандарда дүнгендердің халық саны көбірек, тарихи және тұрмыс әдеті қатарлы жақтардағы себептер салдарынан, дүнгендер орналасқан өңірлерде, көбінше мешітті орталық етіп шоғырлана қоныстанған. Әдетте қалаларда өздіктерінен көше, маһалла, ал ауыл-қыстақтарда өздігінен қыстақ болып құралып, үлкен-кішілігі әртүрлі қоныс қалыптастырған.

Дүнгендер Қытайда шашырай қоныстанған, ал олардың автономия алған өңірлері де Қытайда шашыраңқы. Ниңшя — Қытайдағы дүнгендердің өлке дәрежелі автономиялық ауданы (НДАР). Дүнген ұлтының аймақ дәрежелі автономия алған өңірлерінен Шыңжаңда Санжы Дүнген автономиялық облысы (СДАО) және Гансуда Линшя Дүнген автономиялық облысы (ЛДАО) бар. Мұнан сырт тағы Шыңжаңда Қарашәр (Янжи) Дүнген автономиялық ауданы және дүнген ауылдары бар.

Дүнген ұлт болып қалыптасып, даму барысында Қытай тілін өз ұлтының ортақ тілі ретінде таңдап алды. Алайда, ислам дінінің ықпалымен, сөйлегенде араб тілінің және парсы тілінің сөз — сөйлемдерін көбірек қосып айтады. Дүнгендер «хуэй тілі» (Хуэйзў йүян немесе Huejzw jyian) деп атайтын дүнген тілі оңтүстік Ганьсу мен Қытайдағы Шэньсидегі Гуанчжуңның батысында кеңінен таралған қытай тілінің чжунъюань диалектісіне ұқсас. Қытайдың басқа түрлері сияқты дүнгенде де үндескен екі негізгі диалекті бар, олардың біреуі төрт тонды, екіншісі стандартты болып саналады, сөздерде соңғы позицияда үш тон және толық емес позицияда төрт тон бар.

Дүнген тілінің кейбір лексикасы қытайлықтарға ескіше көрінуі мүмкін. Мысалы, олар президентті «император» ((Хуаңды, huan'g-di)) деп атайды, ал мемлекеттік мекемелерді ямень (ямын, я-мин) деп атайды, бұл ежелгі Қытайдағы мандариндердің кеңселерін білдіреді. Олардың тілінде араб, парсы және түркі тілдерінен алынған көптеген сөздер бар. 1940 жылдардан бастап тіл кириллицада жазылды, бұл қытай тілін әліпби арқылы жазуға болатындығын көрсетеді.

Орталық Азиядағы басқа ұлттық азшылықтарға қарағанда, дүнгендердің көпшілігі үш тілді біледі. Дүнгендердің үштен екісінен астамы орыс тілінде сөйлейді, ал аз бөлігі қырғыз тілінде немесе олар тұратын елдердің титулды ұлттарына жататын басқа тілдерде сөйлей алады.[6]

Дүнген мешіті

Ислам Қытайға пайда болғаннан кейін бірден еніп кетті. Таң әулеті дәуірінде (VII–X ғасырлар) Қытай территориясына Исламды таратуға бағытталған теократиялық мемлекет — араб халифатының жаулап алуларының елесі түсе бастады. Жаңа пассионарлық дін Синцзян арқылы Сианға дейін Ыстықкөл көлінің жанынан өткен Ұлы Жібек жолы арқылы Орта мемлекеттің аумағына еніп, елдің оңтүстік-шығысында теңіз арқылы өтіп, бірден ізбасарларын тапты. Алайда, исламның ізбасарларын жеке этнос өкілдеріне рәсімдеу тек моңғол Юань әулеті кезінде пайда болды.

Моңғол империясы 1271 жылы Қытайды жаулап алды. Тақты Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан мен Бөрте кенже ұлы Толуйдан тартып алды. Ол бүкіл Қытайды, Кореяны, Моңғолияны және оның айналасындағы аймақтарды билеген алғашқы хань емес император болды. Ол сонымен бірге Юань императорлық әулетінің негізін қалады. Құбылай төзімді адам болған. Оның үстіне Юань әулетінің кейбір императорларының өзі ислам дінін ұстанған. Дәл осы әулет тұсында хуэйлер жеке ұлт болып қалыптасты.[7]

Дүнгендердің ең арғы тегі б.з. VII ғасырдағы (Таң — Сұң династиялары дәуірі) Қытайға сауда байланысымен келіп қоныстанып қалған шетелдік мұсылман ұрпағы; Ал дүнгендердің басты тегі — б.з. ХІІІ ғасырда моңғолдар батысқа жорық жасағанда, сонымен бірге Юан династиясы дәуірінде, түрлі салауатпен Парсы, орта азия және Араб елдерінен топ-тобымен куәлікпен келген немесе өз бетімен шығысқа ауып келген әр ұлт мұсылмандары. Олар алдымен, Юан династиясындағы қоғамдық орны жоғарырақ түрлі кәсіп шеберлерінің басты құрамдас бөлігіне айналып, халық саны неше жүз мыңға жеткен; дүнгендер қалыптасу, даму тарихы барысында, өздері тұрған өңірдегі қытай, ұйғыр, моңғол қатарлы ұлттардың бір бөлімін сіңіріп алған.

Қытайлықтар дүнген сөзін мағынасына қарай «шығыстан келген адам» деп те аударған. Қытай жазбаларындағы ­деректерде, дүнген ұлты тарихының шығу тегін сонау Таң және Сун әулетінен ­бастап қарастырады. Таң әулеті тұсында Ұлы Жібек жолы ашылып, көптеген араб және парсы саудагерлері Қытайға ағылады. Сол кезде ұлттар арасында еркін қарым-қатынас орнап, Ислам діні өкілдері ұзақ жылдар Қытайды мекендеп қалады. Қытайдан қыз алып, отбасын құрады. Сөйтіп, олардан тараған ұрпақ ислам діні мәдениетімен өмір салтын құрып, дүнген ұлты пайда болады. Дүнгенгер толыққанды ұлт ретінде, Юань әулеті кезінде жақсы ­дамып, Қытайда кең етек жаяды. Ол уақытта қытайлардың (хань халқының) ұлт ретіндегі мәртебесі, аз ұлт өкілдерімен салыстырғанда төмендеу болған. Кейінгі Мин және Цинь әулеті тұсында, дүнгендердің күшейгені соншалық, тіпті ел билігіндегі хань халқына (қытайларға) кәдімгідей қатер тудыратын жағдайға дейін жеткен. Сөйтіп, дүнген ұлты күшейіп, бірте-бірте ханьдардың оларға жүргізген билігіне мойынсынбай, Цинь әулеті соңында көтеріліс ­жасайды. Алайда ол ұрыста ханьдар оларды ­басып, жаншып тастайды.[8]

Бішкек маңындағы дүнген асханасы

Дүнгендердің негізгі шаруашылық кәсібі егіншілік, бау-бақша өсіру, ұсақ-түйек сауда жасау, басқа да әртүрлі кәсіп түрлерімен айналысу болды. XX ғасырдың 80-жылдарынан бастап олар Жетісуда алғашқылардың бірі болып күріш еге бастады. Бау-бақша өсірумен, бағбандықпен айналысты. Дүнгендер орамжапырақ, пияз, сарымсақ, бұршақ, асбұршақ, бұрыш, шомыр, сәбіз, аскөк, асқабақ, қияр сияқты алуан түрлі дақылдар өсірудің шебері болды. Олар орыс шаруаларынан қызанақ және картоп өсіруді де үйреніп алды.

Дүнгендерде мал өсіру қосалқы сипат алды. Жайылымның жетіспеушілігі мал өсіруді едәуір шектеуге мәжбүр етті. Дүнгендер жүк тасу кәсібімен айналысу үшін жылқы мен өгіз ұстады. Жүк тасу әдетте ауыл шаруашылық жұмыстары аяқталып, жиын-терін біткеннен кейін басталатын. Олар өздері өндірген ауылшаруашылық өнімдерін Әулиеатаға, Верныйға, Ташкентке, Жаркентке, сондай-ақ Шыңжанға алып барып сататын. Ал қайтарында Ресей мен Қытай өнеркәсібі шығарған бұйымдарды ала келетін. Дүнгендер өз шаруашылықтарында аздаған сиыр, қой, ешкі ұстады. Ал ауыл шаруашылық жұмыстарынан қолдары босаған кезде қамыстан ши тоқыды. Ол үшін тайланған бау-бау қамысты пайдаланды. Дүнгендердің бірқатарының май шайқайтын, күріш кептіретін, сірке су дайындайтын шағын кәсіпорындары болды. Сынған ыдыстарды құрсаулап жөндеуді кәсіп етушілер де аз болған жоқ. Материалдық тұрғыдан жағдайлары жақсарған дүнгендердің арасында да өз көпестері шықты. 1905 жылы Жаркенттің өзінде ғана 167 дүнген көпесі болды. Олардың қытай тілінде сөйлесуі Қытаймен екі арадағы сауда-саттықты монополияға айналдырып алуларына жағдай жасады.[9]

Өмір салты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дәстүрлі баспаналары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Елді мекендері тұрақты түрде жоспарланған. Дәстүрлі тұрғын үйлері қаңқалы-бағаналы (қабырғалары саз кірпіштен немесе тастан жасалған) немесе ағаштан жасалған, көп бөлмелі. Бөлмелерден жабық сыртқы галереяға кіру мүмкіндігі бар. Жатын бөлмесінде жылытылатын кан (кушетка) болды. Олар оған ұйықтап, аласа үстелге отырып тамақтанды.[10]

Дәстүрлі киімдері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дүнгендердің ұлттық киімі қытай киіміне ұқсайды. Ерлер костюмінің негізгі элементтері: жағасы жоқ ақ жейде, кенеп шалбар. Көйлектер бос, ұзын түзу жеңдері бар. Үстіне түзу кесілген жағасы жоқ шекпен киеді. Суық мезгілде олар тоқылған жағасы бар халат киетін. Халаттың алдыңғы жағы кең, артқы жағынан кең белдікпен байланған белбеу болды. Бас киімі дөңгелек тәжі бар кішкентай қалпақ болды.

Әйелдер киімі әртүрлі. Қыздар да шалбардан тұратын костюмдер мен кең жеңді қысқа көйлек киді. Жеңнің түбі мен жағасы түрлі-түсті ленталармен безендірілген. Үстіне терең мойын сызығы бар жеңсіз кеудеше киіледі. Сондай-ақ дүнгендер арасында қытай стиліндегі тік қиылған және тік жағалы көйлектер жиі кездеседі. Олардың жеңдері тар. ілмек қиғаштап жасалады. Мереке күндері көйлектің үстіне пелерина тәрізді иық әшекейлері киіледі. Ол кестелермен безендірілген бірнеше ондаған сәндік элементтерден тұрады. Пелерина (мықынға жеткізбей иыққа жамылатын жамылғы) қыздың кеудесі мен иығын түгел жауып, жоғарғы жағында мойынға жетеді. Мерекелік аяқ киім астары бар жібек матадан тігіледі. Етік түрлі-түсті өрнектермен безендірілген. Басын кулондар мен гүлдер салынған құрсаумен безендіреді.[11]

Дәстүрлі тағамдары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ашлянфу - Дүнген ұлттық тағамы

Дүнгендердің өз үйлерінде мұсылман тағамдарын жасау, сату дәстүрлері бар. Мұның ішінде, мұсылманша қышқылтым сорпа, қой еті тұшпарасы, асқан қой еті, буға пісірілген құйрық май, қой сорпасына малшыған бу нан, қуырған бидай, мұсылманша торт-праниктер секілді тағамдары бар. Дүнгендер тағам даярлау жағынан Қытайдың дәстүрлі тағам дайындау мәдениетін қабылдап, оны жасампаздықпен дамыта түсіп, осы заман Қытай сауда базарына салып, әрқайсы ұлттардың алқауына ие болды. Көнеден келе жатқан мұсылман асханалары жаңарып, өркендеп, ірі мейрамханаларға айналды. Мұсылманша тағам түрлері көбейіп 300 түрге таяды.

Күнделікті дүнген тағамдарында негізгі тұтынылатын өнімдер олар: өсімдік майында дайындалған ет, ұн, күріш және де көкөністер болып табылады. Тағам дайындауда екі әдіс жиі қолданылады. Олар цо және жу деп аталады. Цо – екі басқыштан тұратын күрделі процесс. Бірінші әдіс кезінде тағам тез қуырылса, екінші әдісте тағамды бұқтыру жатады. Яғни қазанға немесе шұңғыл ыдысқа май құйып, барлық қажетті өнімдерді қатты қурады, осыдан кейін қуырылып жатқан өнім үстіне сорпа я болмаса, су құйылып, ақырын отта пісіру процессі жүреді. Цо дегеніміздің өзі аз көлемдегі майда тез қуру дегенді білдіреді. Ал жу дегеніміз көп мөлшердегі суда тағамды қайнату болып табылады. Әдетте бұндай жолдармен құс немесе басқада малдың еттері дайындалады.[12]

Дүнгендер фольклоры өте бай. Жанрлардың ішінде ертегілер мен тұрмыстық ертегілер (гужир), хикаялар (фу), онда қытайлық эпикалық хикаялар («Үш патшалық», т.б.) түсіндіріледі. Батырлық жырлар (да­чу­зы) («Ма Да-жын әскерді басқарады» т.б.) 3 ішекті шертпелі аспаптың (сан­щын­зы) сүйемелдеуімен орындалады. Әндер (щечузы) – лиро-эпопея (ең танымалдарының бірі – «Мын чжа нюй» – Ұлы Қытай қорғанының құрылысы кезінде күйеуі қайтыс болған жас әйелдің тағдыры туралы), лирикалық әйелдер әндері (соның ішінде «Сүйікті Маву ”), аты аңызға айналған батырлар туралы жырлар, еңбек, сатиралық, юморлық, күнделікті т.б.

Аспаптық музыка әндер мен билерді сүйемелдейді және янгэ ән-би құрылымына кіреді. Музыка аспаптары: ішекті – эр­ху­з, ма­ху­з, мын­ху­з, сы­ху­з; шертпелі – михурщан, санщыңзы,цимвал ёнчин, кучанза арфасы; флейта – ди, ще; барабан - гну­ну­зы, әртүрлі идиофондар. Қазақстанда орыстардан алған гитара, гармоника, аккордеон және басқа аспаптарды да пайдаланады.[13]

Қазақстандағы дүнгендер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дүнгендердің Қазақстан аумағына алғашқы қоныс аударуы 1877 ж. желтоқсан айында басталды. Сол жылы жазалаушыларынан құтылу үшін қашқан 4 мыңға жуық дүнген Жетісу жеріне келіп қоныстанды. Екінші толқыны 1884 ж. өтті. Дүнгендерді Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру арқылы патша үкіметі екі түрлі мақсат көздеді: біріншіден, Қытайдың Құлжа өңіріндегі экономикалық базасын әлсірете түспек болды, екіншіден, саяси жағдай шиеленісіп кете қалған жағдайда оларды Қытайға қарсы әскери күш ретінде пайдалануды мақсат етті. Қазақстандағы дүнгендердің саны - 62 мың (2014).[14]

Қазақстандағы дүнген жігіттері

Дүнгендердің Қазақстан халқының құрамындағы үлестік көлемінің динамикасына келсек, онда ХХ ғасырдың өн бойында үлесі 0,1% мөлшерінде болғанын көреміз. 1999 жылдан бастап бұл көрсеткіш 0,2%-ға көтеріліп, 2007 ж. 1 қаңтарында үлесі 0,3 %-ды көрсетті. Яғни тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформалардың дүнген халқының өсіп-өнуіне тигізген әсері оң.

1989-1998 жж. аралығында Қазақстанға 607 дүнген көшіп келген. Олардың 403-і ТМД елдерінен келген болса (негізгі көпшілігі Қырғызстаннан – 380 адам), Қытайдан 11 дүнген қоныс аударған. Бір ғана 2000 жылы Қазақстанға келген дүнгендер саны 172 адам болды. Олардың 154-і кері қайтып, көші-қон айырымы 18 адамды құрады. Ал, 2000 жылдан бергі мәліметтерде 2000-2007 жылдар аралығында дүнгендер саны 8261 адамға көбейгенін байқаймыз. Дүнгендердің жинақы қоныстанған жерлеріне келсек, 1926 ж. санақта Жетісу губерниясында 7597 дүнген тұрды (3972 – ер адам, 3635 - әйел), бұл Қазақстандағы дүнгендердің 89 %-ы. 1959 ж. санақта Оңтүстік Қазақстан өлкесін 7511 дүнген мекендеді, бұл Қазақстандағы дүнгендердің 75 %-ы. Қазақстандағы дүнгендердің басым көпшілігі Жамбыл облысын мекендейді. Жамбыл облысынан кейінгң дүнгендердің анағұрлым жиі орналасқан жерлеріне Алматы қаласы (мұндағы дүнгендердің үлесі 1970-1999 жж. аралығында 7,5-12,3%-ы аралығында өзгеріп, өсіп отырды) мен облысын жатқызуға болады. Дүнгендер аз мөлшерде болса да Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қалаласына да қоныс тепкен.[15]

Танымал дүнгендер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Ма Чжунъин — дүнген әскери қолбасшысы, ҚХР Халық армиясының 36-дивизиясының қолбасшысы, Шыңжаң көтерілісіне қатысушы;
  • Ма Хушан — дүнген қолбасшысы, Ма Чжунъиннің туған ағасы және ізбасары. 1934 жылдан 1937 жылға дейін Шыңжаңның Дүнғанстан деп аталатын оңтүстік бөлігін басқарды;
  • Мұхаммед Аюб Биянху — 1862-1877 жж. Цин Қытай билігінің езгісіне қарсы дүнгендердің (хуэйцзу халқы) күресі жетекшілерінің бірі;
  • Мағазы Масанчи — революциялық қозғалысқа, азамат соғысына, Орта Азияда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске қатысушы, мемлекет қайраткері;
  • Манзус Ванахун — Кеңес солдаты, Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Кеңес Одағының Батыры;
  • Бахридин Валиевич Шабазов — Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің VII шақырылымының депутаты (2021 жылдан). Көлік, коммуникациялар, сәулет және құрылыс комитеті төрағасының орынбасары.
  • Абдужалил Мажитович Юнусов — Қырғыз дзюдошысы, самбошы, Қырғыз Республикасының дзюдодан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы. Дзюдодан КСРО спорт шебері, КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері. КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы (1983), КСРО чемпионатының төрт дүркін жүлдегері, Қырғыз Республикасының 13 дүркін чемпионы;
  • Арли Чонтей — Қазақстандық ауыр атлет, 2021 жылғы әлем чемпионы, Универсиаданың қола жүлдегері (2017), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2018), Азия чемпионы (2020). Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері;
  • Цунвазо Юсуп — дүнген педагогы, ғалым, жазушы. Алматыдағы бір көшеге есімі берілген;
  • Майя Салахаровна Манеза — Қазақ зілтеміршісі, екі дүркін әлем чемпионы (2009 және 2010 ж.), 2011 жылғы әлем чемпионатының 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегері.[16]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. The population of the Republic of Kazakhstan by individual ethnic groups at the beginning of 2019. Тексерілді, 10 тамыз 2024.
  2. a b c d e f Всероссийская перепись населения 2010 года. Официальные итоги с расширенными перечнями по национальному составу населения и по регионам. Мұрағатталған 9 желтоқсанның 2021 жылы.: см. Мұрағатталған 18 қазанның 2012 жылы.
  3. 2009-2020 жж. жекелеген ұлттар бойынша Қырғыз Республикасының тұрақты тұрғындарының саны.. Тексерілді, 10 тамыз 2024.
  4. Қазақстандағы дүнгендер. Тексерілді, 10 тамыз 2024.
  5. Дүнгендер қайдан шыққан және Қазақстанға қалай келген?. Тексерілді, 10 тамыз 2024.
  6. Дүнгендер. Тексерілді, 11 тамыз 2024.
  7. Жоғалған Хуэй: Қытайдан келген адамдар кириллица әліпбиін меңгеріп, қалай Аспан тауларының арғы жағында қалды. Тексерілді, 11 тамыз 2024.
  8. ЕЛ АЙЫРЫЛҒАН... немесе би Ноғайбай жер берген, барша жұртпен тең көрген тағдыркешті дүнгендердің тарих-талайы хақында. Тексерілді, 11 тамыз 2024.
  9. Дүнгендердің кәсіпшілігі.. Тексерілді, 11 тамыз 2024.
  10. Дүнгендер. Тексерілді, 10 тамыз 2024.
  11. Дүнгендер – ислам дінін қабылдаған қытайлық этникалық топ. Тексерілді, 10 тамыз 2024.
  12. Дүнген ұлттық тағамдары мен олардың ерекшеліктері. Тексерілді, 11 тамыз 2024.
  13. Дүнгендер. Тексерілді, 11 тамыз 2024.
  14. Қазақстан халқы. Энциклопедия «Қазақ энциклопедиясы» — Алматы, 2016. — Б. 106. — ISBN 978-601-7472-88-7.
  15. Қазақстандағы дүнгендердің тарихы. Тексерілді, 10 тамыз 2024.
  16. Дүнгендер. Тексерілді, 11 тамыз 2024.